Іздеу

Өлең, толғаулары

  • Ай не болар күннен соң?

  • Ай, Абылай сен он бір жасыңда

  • Ай, заман - ай, заман - ай,

  • Айналасын жер тұтқан

  • Алыстан қызыл көрінсе

  • Арам болған жиырма бес

  • Арту, арту бел келсе

  • Асқар таудың өлгені

  • Ақсаңнан биік тау болмас

  • Жал, құйрығы қаба деп

  • Жас туралы

  • Керей қайда барасың?

  • Сәлем - сөздің анасы

  • Тілек

  • Қазақтың ханы Абылай

  • Қара арғымақ арыса

  • Құбылып тұрған бәйшешек

  • Әлемді түгел көрсе де

Ай не болар күннен соң?

1
Ай не болар күннен соң?
Күн не болар айдан соң?
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Мортық болар бөлген соң.
Төрде отырған қарт бабаң
Төресін жаңылар малдан соң.
Төркіндеген бикешің
Тіркеусіз о да қайтар малдан соң.
Доңғалақ арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас
Алғаны жаман болған соң.
Қос - қос орда, қос орда
Қосыла қонбас малдан соң.
Қоспақ өркеш сары атан
Қом жасамас майдан соң.
Төс аршынды сұлуың
Сілкіп төсек сала алмас жардан соң.
Байдың ұлы көрпелдес
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
 
2

Семсермен шашын тараған,
Қиғаштап қасын қараған,
Күлгенде күрек тісі қасқайған,
Қынайда белін буынған,
Ол не болар ерден соң?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 

Ай, Абылай сен он бір жасыңда

1

Ай, Абылай сен он бір жасыңда
Тұрымтайдай ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің .
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде,
Бақыт берді басыңа,
Тақыт берді астыңа:
Отыз жасқа келгенде,
Дүниеге кең едің:
Отыз беске келгенде,
Қара судың бетінде
Шайқалып аққан сең едің;
Қырық жасқа келгенде,
Алтын тонның жеңі едің;
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің;
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің;
 
2

Елу бес жасқа келгенде,
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң маужырап барып соларсың;
Алпыс бес жасқа келгенде,
Әрбір атқа қонарсың;
Жұмсасаң бала тіл алмай,
Қатының қарсы шауып ұялмай,
Әрнешек күнің сол болар,
Еңкейтіп орақ орарға
Тоңқайып масақ терерге.
Жетпіс жасқа келгенде,
Жетпіс деген жел екен,
Шала ауырып пір екен.
Жетпіс бес жасқа келгенде,
Жылуы болмай қойныңның,
Қаруы болмай сойылыңның,
Өлмесең де жойылдың,
Әр атаққа қойылдың. Сексен деген сор екен,
Шындап ұрған пері екен;
Сексен бес жасқа келгенде,
Екі қара көзді алар,
Ауыздағы сөзді алар,
Бойыңдағы әлді алар,
Бетіңдегі нұрды алар,
Бойыңдағы шырды алар,

 
3

Ауызыңдағы тісті алар,
Қолыңдағы істі алар,
Өлмегенде не қалар?
Тоқсан бес деген тор екен,
Дәйім жаның қор екен,
Қарғиын десең екі жағы ор екен;
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі терең көл екен,
Ел қонбайтын шөл екен,
Келмейтұғын неме екен.



 
 



Ай, заман - ай, заман - ай,

1

Ай, заман - ай, заман - ай,
Түсті мынау тұман - ай.
Істің бәрі күмән -ай.
Баспақ, тана жиылып
Фәни болған заман - ай.
Құл - құтандар жиылып,
Құда болған заман - ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман -ай.
Азаматың құлапты,
Жұрт талық болған заман - ай.
Арғымақтың жалы жоқ,
Жабылар жалымен теңелер.
Жақсылардың малы жоқ,
Жамандар малымен теңелер.
Арғымақ жалсыз, ер малсыз,
Алланың аманаты - жан,
Қай күн алары болжалсыз.
Шашырап шыққан қандар көп,
Шашау жатқан малдар көп.
Қайсы бірін айтайын.
Айта берсем сөздер көп.
Үй артында төбешік,
Ерттеп қойған ат болар.

 
2

Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар.
Өзіңнен туған жас бала
Саудагердей сарт болар.
Өзіңмен бірге туысқан
Алаштан бетер жат болар.
Сыйынған пірің сарт болар,
Бір құдайға шет болар.
Өтермеден кетер ме
Жарлы менен байғұстар?
Байдың малын көтерме,
Тайып кетсе табаның,
Шашыңды берсең жетер ме?
Аздың да ісі бітер ме,
Көптің де ісі жетер ме?
Көп ішінде бір жалғыз,
Сөйлесе, сөзің өтер ме?

 

 

 


 
 

 

Айналасын жер тұтқан

1

Айналасын жер тұтқан  
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз:
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз:
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас  демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.


 
 

Алыстан қызыл көрінсе

1

Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене.
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене.
Қамшылатып жүгірген
Шабан емей немене.
Айтқан сөзге түспеген
Жаман емей немене.
Сұрағанды бермеген
Сараң емей немене.
Кісі ақысын көп жеген
Арам емей немене.
Ішің аллаға мәлім,
Сыртыңдағы қулығың
Амал емей немене.
Сусағанда берген су
Шекер емей немене.
Һәммәтсіз ерге біткен мал
Бекер емей немене.



 
 

Арам болған жиырма бес

1

Арам болған жиырма бес
Қызықты күндер қыздырған,
Асау талқан бұздырған.
Қызды ауылды көргенде
Бұлаңдатқан жиырма бес
Төскейден қашқан түлкідей
Сылаңдатқан жиырма бес,
Күлдір - күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес,
Күрек тісін қасқайтып,
Сұлуды құшқан жиырма бес.
Іздесең де табылмас.
Кәрілік шіркін не қылмас:
Апта бойыңды баса алмай,
Келін бала келгенде,
Аузыңды аша алмай,
Уақыттың ісі қиын - ды.
Уақытымыз жеткен соң,
Айтып-айтпай немене
Мезгіліміз өткен соң?
Жайнап тұрған қызыл шоқ
Су құйылып өшкен соң,
Жайнап жүрген заманым
Басымнан бүйтіп көшкен соң,

 
2

Уақытым жоқ , не айтайын,
Уақытым менің өткен соң,
Мезгіліміз жеткен соң.
Қатты тамақ шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстандай ақырған-
Бөденеде күш бар ма?

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 
 

Арту, арту бел келсе

1

Арту, арту бел келсе,
Атан тартар бүгіліп,
Алыстан қара көрінсе,
Арғымақ шабар тігіліп.
Алыстан жанжал сөз келсе,
Азулы сөйлер жүгініп.
Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалын малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз!
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат болмас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Садыр, қайда барасың,
Сарысуды көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын
Қар, жаңбырдай себелеп.
Ежелгі дос жау болмас,
Шірнеуіште хаты бар.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Көңілінде кірдің таты бар.

 
 

Асқар таудың өлгені

1

Асқар таудың өлгені-
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені-
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені-
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені-
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені-
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.

 

 

 

 

 

 


 
 

Ақсаңнан биік тау болмас

1

Ақсаңнан биік тау болмас,
Бауырынан қашқан күзен көрінбес,
Ақшам батпай түн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас.
Етекті кессең, жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.
Қара қойдың терісін
Сабындап жусаң ағармас.
Қалған көңіл табылмас.
Қараша торғай қаз болмас,
Шағала келмей, жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас,
Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң түзелмес.
Өзіңнен тумай, ұл болмас,
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас,
Дос болғанмен, хош болмас.
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса түбі бос болмас.

 



 
 

Жал, құйрығы қаба деп

1

Жал, құйрығы қаба деп
Жабыдан айғыр салмаңыз
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас,
Жаман қатын алғаның-
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгені
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан асқан тас бұлақ ,
Қазса құйыр теңізге,
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса,
Жақсыдан жаман туса,
Тарпай қоймас негізге.



 
 

Жас туралы

1

Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық  деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз
Қайғылы - мұңлы күн екен,
Сексен деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасында
Ажалдан басқа жоқ екен.

 

 

 

 

 

 

 
 

Керей қайда барасың?

1

Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп.
Мен - арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын,
Сен  - бұзау терісі шөншіксің,
Мен - өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын:
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа,
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта.
Жар басына қамалып,
Жарты лашық тігерсің.
Ауызыңнан ас кетер,


 
2

Қара көзден жас кетер.
Бұ қылығың қоймасаң,
Сонау кеудедегі дулығадай бас кетер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 

Сәлем - сөздің анасы

1
Сәлем - сөздің анасы,
Әлік алған данасы.
Шығанақтан шырқайды
О біреудің танасы.
Оның сөзін тыңдасаң,
Баяғы айтқан жаласы.
Өтірікті шын қылған
Ол Алланың қызыл көздің пәлесі.
Айтқаныңа көнбесе,
Айдауыңа жүрмесе,
Көңілінде бар оның аласы.
...Жақын жерден шөп жесе,
Жердің сәнін кетірер.
Ағайынның аразы
Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер.
Жарау, семіз байда бар,
Құйрығы бітеу қойда бар,
Қос қанаты тимеген,
Қанаты бітеу қуда бар.
Ат тұяғы тимеген
Ақ кірпіш тас суда бар.
Әзірейіл келген күн
Жан қалар дер қайда бар?
 
2
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса, үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айырылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Киген тонын түлкі етер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда.
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес, не пайда.
Дін пұсырман болмаса,
Тіл пұсырман не пайда.
Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда.
Ерге дәулет бітпесе,
Шүлдіреген қызыл тілден не пайда.
Мал араға түспесе,
Құр айтқаннан не пайда.
Байдан қайыр кеткен соң,
Мал да кетер, не пайда.
 
 

Тілек

1
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз:
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулың.
Күнінде ертең біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз:
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз:
Сегіз қиыр шар-тарап,
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз:
Төреңіз тақтан таймасқа,
 
2
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа. Оныншы тілек тілеңіз:
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған, Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз:
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Дауысы қудай саңқыған,
Назыменен күлдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.

 

 

 



 
 

Қазақтың ханы Абылай

1
Қазақтың ханы Абылай
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады,
Батырың өтті Бөгенбай.
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ деген халқынан
Батыр шыққан даңқынан,
Қарсыласқан асылдар
Қорғасындай балқыған,
Батырың өтті Бөгенбай.
Бұтақты мүйіз бұғысы
Саласындай жайылған,
Мылтық айтқан мергені
Киігін қойдай қайырған,
Құланы құлындай тулаған,
Түлкісі иттей шулаған,
Қыс қыстайтын жеріңді
Сол сықылды тау қылған,
 
2
Батырың өтті Бөгенбай.
Асу салған, тас бұзып,
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп,
Борлы деген көліңнен,
Қалмақты шапқан шулатып
Ақшәуілің өрінен,
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуып жерінен,
Батырың өтті Бөгембай.
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қаз дауысты Қазыбек.
Шашақ  ұлы Жәнібек,
Ормандай көп Орта жүз.
Содан шыққан төрт терек,
Тұғыр болған сол еді,
Сіздей төре сұңқарға.
Бәйгелі жерден бақ болған,
Сегіздей жүйрік тұлпарға.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Келмей тұр аузым айтарға,
Батырың өтті Бөгенбай.
Өкпе қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
 
3
Сарп қылған бар күшін,
Қайыры болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойла келмесін,
Қарияң келіп жырлап тұр
Еңбегі сіңген ер үшін
Батырың өтті Бөгенбай.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
 

Қара арғымақ арыса

1
Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар.
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Бетпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде
Өткел бермес кешерге.
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.
Жаман болса алғаның,
Һәммәтлі туған есіл ер,
Киім тіксе ол қатын,
Жалғасы кетер көнтиіп,
Етегі кетер салпиып,
Үлгі болмас пішерге.

 

 

 

 

 

 

 
 

Құбылып тұрған бәйшешек

1
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Ақиық бүркіт төмендер,
Екі қанат талғанда.
Сөзге көрме Абылай,
Мен пақырда сән бар ма,
Уақытым мұндай болғанда
Уақытым кетті басымнан,
Хан Абылай атанып,
Жайнап шықтың жасыңнан
Малмен ісің болғанда,
Уақытыңыз толғанда,
Қарашаң қашар қасыңнан.
Ханның жақсы болмағы-
Қарашаның елдігі.
Қараша халық сөйлесе,
Алтыннан болар белдігі.
Жақсы жігіт ұл туса,
Патшадан болмас кемдігі.
Айтсам сөзім таусылмас,
Тоқтатайын сөзімді.

 

 

 

 
 

 

Әлемді түгел көрсе де

1
Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де
Қызыққа тоймас адамзат.
Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат.
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңілі қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да -
Үмітін қоймас адамзат.

 

 

 

 

 

 

 
 

 

Фотомұрағат

Асыл тегі